Өңірлік цифрлық хаб құру және Азия-Еуропа арасындағы жалпы трафиктегі жергілікті өңделетін транзиттік деректердің үлесін арттыру жөніндегі мемлекеттік міндеттерді іске асыруға жәрдемдесу мақсатында Премьер-Министрдің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевтің басшылығымен бұған дейін ҚР ЖИЦДМ мен Freedom Holding арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Бүгінгі таңда осы бағытта мемлекет пен жеке сектордың серіктестігі шеңберінде ауқымды жұмыс жүргізілді. Жобаларды іске асыруға Freedom Cloud Holding және «АСТЕЛ» АҚ жауапты.

«Батыс-Шығыс» гипермагистралі деректердің халықаралық транзитін күшейтуге және Қазақстанды Еуропа, Орталық Азия мен Қытай арасындағы негізгі бағыттармен байланыстыруға бағытталған. Транскаспий магистралінің құрылысы аяқталатын Ақтаудан Қорғас шекаралық өткеліне дейінгі магистральдық талшықты-оптикалық байланыс желісінің (ТОБЖ) ұзындығы шамамен 4,5 мың шақырымды құрайды (жалпы кабель көлемі 4511 км болса, бүгінде 2,2 мың шақырымнан астамы тартылды). Негізгі бағыт Қазақстанның 7 облысы арқылы өтеді, бұл ретте инфрақұрылымды 13 өңірге дейін қамтумен кеңейту мүмкіндігі де қарастырылуда.

Барлық жұмыстар жеке инвестициялар есебінен іске асырылуда, бұл мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені едәуір азайтуға және ұлттық жобаның жоғары тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Мәселен, өткен кезеңдерде жеке инвестор тарапынан негізгі учаскелерде (оның ішінде Орал - Ақтөбе, Қордай - Алматы және Алматы - Қорғас бағыттарын қоса алғанда) тартылған желілердің едәуір көлемі бар Ақтау - Алматы және Озинки - Қорғас магистральдарының құрылысы табысты жүргізілді.

Ағымдағы жылы магистральдық желілер жобалары «Freedom Cloud Holding LTD» қарамағына өтті және оның еншілес ұйымы «ASTEL» АҚ арқылы Ақтау - Алматы «Гипермагистралінің» және оларды түйістіруге арналған сабақтас учаскелердің белсенді құрылысы жалғасуда. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында ұзындығы 1 100 километр болатын Ақтау - Сексеуіл учаскесінің сызықтық бөлігінің құрылысы жүзеге асырылды, ал 15 шілдеден бастап ұзындығы 930 километр болатын Сексеуіл - Шымкент учаскесінің құрылысы басталды.

Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 530 километр болатын Сексеуіл - Ақтөбе учаскесінің құрылысы жүргізілуде, бүгінгі таңда 123 километрі тартылды. Сызықтық бөлікті төсеумен қатар, ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында магистральдық байланыс тораптары мен белсенді желілік жабдықтарды монтаждау бойынша жұмыстар орындалуда. Гипермагистральды пайдалануға беру және аяқтау 2026 жылдың соңына жоспарланған.

Жаңа инфрақұрылым 12 Тбит/с және одан да жоғары өткізу қабілетін қамтамасыз етеді деп күтілуде. Бұлтты платформалар, нейрожелілік және ЖИ-шешімдер, ақылды қала жүйелері, телемедицина, EdTech, финтех-платформалар, өнеркәсіптік IoT-шешімдер және цифрлық өндірістік контурлар сияқты минималды кідіріспен үлкен деректер массивін жедел алмасуды талап ететін сервистер үшін бұл технологиялық негіз қалайды.

«Гипермагистраль құрылысы аяқталып, ол Транскаспий ТОБЖ-мен түйіскеннен кейін Қазақстан Еуразияның негізгі цифрлық транзиттік хабтарының біріне айналу мүмкіндігіне ие болады. Бұл халықаралық деректер транзитінің көлемін арттыруға, дата-орталықтар мен бұлтты инфрақұрылым құрылысына инвестициялар тартуға, сондай-ақ жаһандық технологиялық компаниялардың келуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді. Ел трафик транзитін қамтамасыз етіп қана қоймай, жоғары қосылған құны бар цифрлық экономиканы дамыта алады, жаңа жұмыс орындарын құрады, цифрлық қызметтерді экспорттайды және әлемдік цифрлық инфрақұрылым нарығындағы өз позициясын нығайтады», - деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев.

«Батыс - Шығыс» гипермагистралі деректерді халықаралық және өңіраралық тасымалдауға арналған магистральдық цифрлық дәлізді қалыптастырады, ал «3000-нан астам елді мекенді жоғары жылдамдықты интернетке қосуға арналған инвестициялар туралы келісім» ұлттық жобасы (АЕЛМ 2.0) жылдам интернетті тікелей ауылдарға, әлеуметтік нысандарға және тұрғындарға жеткізеді. АЕЛМ 2.0 шеңберінде ҚР ЖИЦДМ серіктестерімен бірлесіп 38 мың шақырымнан астам оптикалық желілер салуды және бүкіл республика бойынша 3000-ға жуық ауылдық елді мекенді қолжетімділікпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.